Қарағанды облысының түзеу мекемесінің жанындағы аумақта қоғамдық тәртіпті бұзған бірқатар тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы сот шешімі шығарылды

АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кеше, 21 қыркүйек күні сот колонияның жанындағы аумақта қоғамдық тәртіпті бұзған бірқатар тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешімін шығарды,

деп хабарлады Қарағанды облысы бойныша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметінен.

Сол күні Қарағанды облысының Қарабас кентінде орналасқан АК-159/18 түзеу мекемесіндегі бақылау-өткізу пунктінің қасында жиналған 30-ға жуық адам сотқарлық пен басқыншылық көрсету арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып, сотталушылармен кездесуді талап етті. Азаматтардың өздерін  осылай ұстауына сотталушылар құқықтарының бұзылуы туралы жалған хабарламалар себеп болды.

Мекеменің әкімшілігі көтерілген адамдар тобымен түсіндіру сипатындағы әңгімелесуін өткізді, бірақ ол табыссыз аяқталды.

Қоғамдық тәртіпті ретке келтіру мақсатында Абай АІІБ-ның патрульдік-бекеттік жасақтары шақыртылды, олар агрессиялы адамдарды жергілікті полиция пунктіне жеткізді.

Соның салдарынан сот колония аумағындағы қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 16 адамды ақшалай айыппұл салу түріндегі әкімшілік жазаға тартты, біреуі екі тәулікке қамауға алынды.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде аталмыш түзеу мекемесінде прокуратураның бақылау органы сотталушылардың құқық бұзушылықтарын алдын алу және тыйым салынған заттарды алуға бағытталған жоспарлы тінту шараларын өткізді.

Келесі күні, 21 қыркүйекте түстен кейін прокуратура және ҚАЖ-нің өкілдері аталған шараны өткізу қорытындылары бойынша журналистер үшін баспасөз концеренциясын өткізіп, колониядағы жағдайдың тұрақты екенін хабарлады.