Қарағанды облысының ветеринариялық станцияларына жаңа көліктер берілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының ветеринариялық станциялары үшін кейінгі 10 жылда алғаш рет 19 жаңа қызметтік машина сатып алынды. Ветеринарлық қызмет басшыларына автомобиль кілттерін тапсыру ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Chevrolet cobalt және Chevrolet Nexia маркалы автомобильдер отандық өндірушіден сатып алынған. Олар жеті ауданның ветеринариялық станциялары мен Балқаш және Қарағанды қалаларына таратылды.

«Қызметтік автокөлік 2012 жылдан бері жаңартылмаған. Машиналардың 17%-ға жуығы жарамсыз болып қалды. Жаңа машиналар жедел әрекет ету үшін барлық станцияларға берілді. Ауру тараған немесе мал қырылған жағдайда біз шұғыл түрде зертханаға апару керек материалды аламыз. Көліктер жолда бұзылған жағдайлар болды. Ал, сынама үлгісі тек 4-5 сағат ішінде жарамды. Жаңа қызметтік көлік біздің ветеринарларға өз жұмыстарын тез әрі сапалы орындауға көмектеседі», - дейді Қарағанды облысы ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл ветеринарлық станция қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға өсті.

«Облыстық бюджеттен ветеринарларды қолдау бойынша қажетті қаржыландыру бөлінді. Бүгінгі таңда 672 қызметкердің жалақысы 50%-ға өсті. Біз алдымызға сіздердің кәсіби қызметтеріңіз үшін қажетті еңбек жағдайларын қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз», - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Осакаров ауданының бас ветеринары Юрий Сергеев қазіргі күрделі уақытта мұндай қолдаудың өте маңызды екенін айтады.

«Біздің жұмысымызда көліксіз өте қиын. Аудан үлкен – Осакаровкадан бір бағытта 120-150 км, екіншісіне шамамен 100 шақырым жол жүру керек. Бізге көліктер өте қажет, себебі профилактикалық және диагностикалық шараларға, шалғындарға барамыз. Олардың арасында дала жолдарымен 20 шақырымнан астам жол жүру керек. Жаңа машиналар біздің жұмысымызды жедел орындауға мүмкіндік береді», - дейді ол.