Қарағанды облысының Жәйрем ауылында көршілер өртке оранған пәтерден кішкентай қызды құтқарды

None
ҚАРАҒАНДЫ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысының Жәйрем ауылында көршілер өртке оранған пәтерден үйде жалғыз қалған кішкентай қызды құтқарды. Бұл туралы бүгін облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.

Оның хабарлауынша, өрт сәрсенбі күні, кешкі тоғыз кезінде көпқабатты үйдегі пәтерлердің бірінде орын алды. «Ол кезде қыз бала үйде жалғыз болды. Өртті байқаған көршілер баланы құтқарып, өрт сөндіру қызметіне хабар берді», - деп атап өтті облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, беті мен қолдарын 2 және 3 дәрежелі күйік шалған қыз бала ауылдық ауруханаға жеткізілді, қазір дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлықтай деп бағалап отыр.

«Өрт болған жерге автоцистерна мен өрт сөндіру қызметінің үш қызметкері жіберілді. Олар келген кезде 25 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтердің ішіндегі теледидар, жиһаз, есік және терезе жақтаулары өртеніп жатты. Анықтаушылардың алдын ала болжамы бойынша, өрттің орын алуына жылыту құралдарын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болған. Жылыту пешінің жанында кереует тұрған, ол пештің қызуынан өртенген», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.