3 қаңтар күні сағат 12:30-дан бастап Қарағанды облысының 7 ауданында автожолдардың 9 учаскесінде қар құрсауында қалған 80 жеңіл автокөліктен 202 адам құтқарылып, жақын елді мекендерге жеткізілді. Құтқарылғандар қатарында 43 бала болды. Апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖД, жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтері жұмылдырылды. Құтқарылғандар медициналық көмекті қажет етпеді.
Сондай-ақ, құтқарушылар Ақтау кентінен үш жүкті әйелді жоғары өтімді техникамен эвакуациялады. Әйелдер Теміртау қаласына жеткізілді.
«Қарағанды облысының аумағында ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Қазіргі уақытта ауа-райының нашарлауына байланысты (қар, боран, екпінді жел, көрінуді шектеу) республикалық маңызы бар автожолдардың 10 учаскесінде қозғалыс тоқтатылды»,-делінген хабарламада.
Автожолдардың жабық учаскелерінде бекеттер ұйымдастырылды, онда 80 көлікте 167 адам жолдың ашылуын күтіп отыр.
Қарағанды облысы ТЖД қызметкерлері қауіпсіздік талаптарын қатаң үұсануға шақырады:
- елді мекендерден тыс жерлерге шықпау;
- автожолдардың жабылған жол учаскелерінде көлік құралдары кептелісін болдырмау;
- мүмкіндігінше елді мекендерде, кемпингтерде, жол бойындағы дәмханаларда күту.
Ауа-райының өзгеруі және автожолдардың жай-күйі туралы жедел ақпарат «Дәрмен» мобильді қосымшасында, ТЖД-ның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында қолжетімді.
Барлық оқиғалар мен ТЖ фактілері туралы 112 немесе (8-7212) 43-36-36, 43-37-37 телефондарына хабарласуға болады.
Фото: Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі