Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстарында аяз күшейеді - 15 желтоқсанға арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Республиканың басым бөлігінде суық кең ауқымды антициклон сақталады, соған байланысты қатты аяз болады деп күтілуде. Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасай отырып ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Елдің шығыс, оңтүстік-шығысында атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты кей жерлерде қар жауып, тұман түсіп, жел күшейеді.

Маңғыстау, Атырау облыстарында жекелеген жерлерде 15-20 м/с-қа дейін жел күшейеді. Жамбыл облысында кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ орнайды, 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Оңтүстік Қазақстан облысында түнде тұман түсіп, күндіз 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. Қостанай облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсіп, таңертең және күндіз 18 м/с жылдамдықпен жел соғып, қарлы бұрқасын болады. Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде аздаған боран болады.

Түнде Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының кей жерлерінде қатты аяз болады деп күтілуде. Түнде Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстарында аяз күшейеді.