Қарағанды полицейлері демікпесі ұстаған жүк көлігінің жүргізушісін құтқарып қалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті жол-патрульдік полиция батальоны қызметкерлері үскірік аяз кезінде тасжолда астмасы басталған жүк көлігінің жүргізушісіне көмекке келді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Сержант Қуаныш Қажкеров пен лейтенант Данияр Кенжебеков Алматы-Екатеринбург тасжолында қызметте жүрген. Теміртауға жақын жерде полицейлер жолдың бойында тұрған жүк көлігін байқайды. Олар жүргізушіге көмек қажет пе деп сұрау үшін барады.

«Солярка қатып қалып, менің астмам басталды, сол кезде поолиция қызметкерлері келді, - деп баяндады Андрей Карабанов. - Таңғы сағат 4 кезі еді, дала қатты аяз, жел соғып, апаттық тоқтау белгісін ұшырып әкетті. Полицейлер мені өз көліктеріне отырғызып, жедел жәрдем келгенше жылындырды. Менің алып бара жатқан жүгім өте қымбат болды, дәрігерлер келгенге дейін мен медиктердің қызметінен бас тартып отырған едім. Полиция қызметкерлері тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуге уәде еткеннен кейін, ауруханаға бардым».

Ер адам ауруханада болғанда, полицейлер жүк көлігін жылыту бекетіне дейін сүйреп алып барған.

«Мен жолда бұрыннан жұмыс істеймін, өмір мен өлімнің не екенін білемін. Полиция қызметкерлерін мадақтағандарын қалаймын. Күтпеген жерден көмекке келген  полицейлерге алғысым шексіз», - деді жүргізуші.

Тәртіп сақшылары өз әрекеттерін батылдық деп есептемейді.

«Бұл біздің күнделікті жұмысымыз, біз көмекке мұқтаж әр адамға қол ұшын беруге әзірміз», - деді полиция лейтенанты Данияр Кенжебеков.