Қарағанды полициясы ескерткішті қиратқан вандалдардың ісін тексеріп жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Қаза тапқан кеншілер» ескерткішін зақымдау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ІІД хабарлағандай, қаза тапқан кеншілер ескерткішін зақымдау фактісі бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 294-бабы «Вандализм» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Полиция қызметкерлері күдіктілерді анықтау және ұстау шараларына кірісті. Қылмысты ашу мақсатында куәгерлер тергеліп жатыр.

Бұдан бөлек, Қарағанды қаласы ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы жұмылдырылды.

Еске салайық, вандалдар 23 шілдеге қараған түні монументке залал келтірген. Белгілісіз ұрылар мыстан жасалған әріптерді әкетіп қана қоймай, гранит тақталарды жұлып алып, қиратқан. Кейін мемориалды қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.