Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында күндіз бұршақ жаууы мүмкін - 19 шілдеге арналған ауа райы болжамы

АСТАНА. 18 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Қазгидромет» РМК мәліметтері бойынша, 19 шілдеде Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райының тұрақсыздығы сақталады.

Кей жерлерде найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, бұршақ жаууы, ұйытқыған жел соғуы мүмкін, тек республиканың батысында және оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы күтілуде.

Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа күшейеді деп күтілуде, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстарында, күндіз Атырау облысында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа күшейеді деп күтілуде. Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде.

Атырау облысында, кей жерлерде Маңғыстау облысында қатты ыстық сақталады.

Республиканың солтүстік-батысында, батысында, оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және орталығында кей жерлерде төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.

Жақын тәуліктерде республиканың оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және шығысы өзендерінің көпшілігінде су деңгейінің тұрақсыздығы байқалады. Қазақстанның жазық аумағының өзендерінде гидрологиялық тәртіпте айтарлықтай өзгерістер күтілмейді.