Қарағанды симфониялық оркестріне Еркеғали Рахмадиевтің есімі берілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің симфониялық оркестрі XXХVІ концерттік маусымын аяқтады. Бұл музыкалық кеш КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевті еске алуға және симфониялық оркестрге салтанатты түрде оның есімін беруге арналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шалқыма» концерттік залында Еркеғали Рахмадиевтің классикалық музыкасының жанкүйерлері ғана емес, атақты қазақ композиторының туған-туыстары, достары мен оқушылары жиналды.

«Еркеғали Рахмадиұлы - менің ұстазым, менің ректорым, біздің министр, біздің рухани әкеміз. Біз облыс басшылығының оркестрге оның есімін беруге және сол арқылы оны мәңгі есте сақтауға шешім қабылдағанына өте қуаныштымыз», - деді ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

Қарағандылықтарды осы бір ерекше оқиғамен құттықтауға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да келді.

«Бүгін тарихи күн. Өйткені біз бүгін Еркеғали Рахмадиевтің есімін еліміздің алдыңғы қатарлы ұжымдарының біріне берудеміз. Біз оның шығармашылық және өмірлік жолы туралы көп айта аламыз, ол өте мазмұнды, күрделі және қызықты өмір сүрді. Ол Қазақстандағы мәдениеттің өркендеуі үшін зор күш-жігерін салды», - деп атап өтті министр.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов симфониялық оркестр ұжымын айтулы оқиғамен құттықтады. Дирижер Петр Грибановқа оркестрге Еркеғали Рахмадиевтің есімін беру туралы куәлікті табыс етті.

«Бүгін өнер кеші. Бүгін Еркеғали Рахмадиевті еске алу кешін өткізудеміз деп айтуға болады. Біз Қарағанды симфониялық оркестрі мен құрметті, аяулы композиторымыздың арасындағы ерекше байланыстың куәгері болуға жиналып отырмыз. Кез келген қала өзінің симфониялық оркестрімен мақтана алмайды. Ал біздерге, қарағандылықтарға өзіміздің ұждымымызды мақтан тұтуға мүмкіндік бар. Бұл біздің еліміздегі ең үздік оркестрлердің бірі», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі композитордың жұбайы Клара Рахмадиеваға және оның балаларына Балқаш көлінің жанында отырған отағасының портретін сыйға тартты.