Қарағанды-Теміртау тас жолында көлік апатынан екі адам қаза тапты
21:52, 03 Қыркүйек 2018
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды-Теміртау тас жолында ірі жол апатынан екі адам қаза тауып, үш адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 қыркүйекте Теміртау қаласынан үш шақырым жерде Қарағандыға бара жатқан Тойота Лэнд Крузер-200 көлігінің 62 жастағы жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, 27 жастағы жігіт тізгіндеген CHANGAN көлігін соққан. Бұдан кейін Тойота Лэнд Крузер-200 тоқтамай екі «Газельді» сызып өткен.
Ауыр жарақат алған CHANGAN көлігінің жүргізушісі мен 34 жастағы жолаушысы сол жерде қаза тапты. «Тойота Лэнд Крузер-200» жүргізушісі мен CHANGAN көлігінің екі жолаушысы түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жол апатына қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабы 4 бөлігі бойынша сотқа дейінге тергеу жүргізіліп жатыр.
Автор: Гүлзат Сахова