Қарағанды тұрғыны коронавирустан қалай сауыққанын айтып берді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Танымал қарағандылық шоумен Марат Оспанов жақында инфекциялық госпитальдан жазылып шықты. Дәрігерлер оның өмірі үшін шамамен бір айдай күресті. Оның өкпесі 90% зақымданған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марат Оспанов профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың инфекциялық госпиталіне шілде айының соңында түскен.

Шамамен бір апта бойы ол өзін-өзі үйде жатып емдеп, бұл қарапайым суық деп ойлаған. Ол тұншыға бастағанда, әйелі жедел жәрдем шақырды.

Компьютерлік томография өкпенің 90% зақымдануын көрсетті.

«Бұрын мен коронавирус туралы барлық ақпаратқа күмәнмен қарайтынмын. Аса сенген жоқпын. Бүкіл дәрі-дәрмекті сатып алдым, үйде суық тиюден емделдім. Салдарынан ауруханада 16 күн жансақтау бөлімінде, содан кейін тағы бір апта палатада жаттым. Егер дәрігерлер болмаса, аман қалмас едім. Бұл менің екінші туған күнім деуге болады», - деді Марат Оспанов.

Енді Маратқа ұзақ оңалту емі жүргізіледі. Ол тыныс алу гимнастикасын зерттеп үлгерді және мүмкіндік туған бетте вакцина алуға ниетті.

«Бейтаныс адамдар мен үшін қан тапсырды, әріптестер қаржылай көмектесті, туыстарым түнде дұға етті. Бұл жасалып жатқан жақсылық жүрегімді елжіретеді. Мен өз өмірімді қайта қарастырдым. Барлығын менің басымнан өткенді қайталамауға және дәрігерлердің ұсынымдарын орындауға шақырғым келеді. Енді вакцинация аурудың ағымын едәуір жеңілдететініне сенімдімін. Ауруханада болған кезде мен вакцинациядан кейін ауырған бір де бір науқасты көрмедім», - деп қосты Марат Оспанов.

Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың жұқпалы аурулар госпиталінің дәрігерлері сырқаттану көрсеткіші аздап төмендегенін атап өтті.

«Алайда босаңсуға әлі ерте» дейді олар.

Дәрігерлер облыс тұрғындарын барлық шектеу нормаларын сақтауға және вакцина алуға шақырады.