Қарағанды волонтерлеріне мемлекеттік марапат табыс етілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еріктілер жылының жабылу рәсімі өтті. Бұл жыл COVID-19 пандемиясымен сәйкес келді. Ол біздің заманымыздың шешуші жаһандық дағдарысына және ең үлкен проблемаға айналды. Алдыңғы қатарға еліміздің дәрігерлерімен бірге еріктілер де шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Президент еріктілік - патриотизмді білдірудің және қоғамға қызмет етудің ерекше нысаны екенін атап өтті.

«Осы жыл ішінде еріктілер саны 100 мыңнан астам адамға жетті. «Біргеміз» жалпыұлттық бастамасы қысқа мерзім аралығында көптеген жанашыр отандастарды біріктірді. Еріктілер бүгінде де жұмыстарын жалғастыруда, бір күнге де тоқтамай қызмет етуде. Мен Сіздерді шын жүректен мақтан тұтамын! Мемлекет және мен сіздерге алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетеміз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пысықтауы қажет кешенді міндеттерді атап өтті. Сонымен қатар, Президент жүйелі негізде волонтерлік қызметпен айналысатын кәсіпорындардың қызметкерлерін көтермелеу қажеттігін атап өтті.

Қарағандылық еріктілер форумға онлайн қосылды. Жергілікті еріктілер атынан Теміртау қаласының тұрғыны Бірлікбай Ордабаев сөз сөйледі.

«2012 жылы зейнетке шыққаннан кейін қоғамдық іспен айналысуға бел будым. Бұл жасыма дейін «күміс ерікті» болдым. Мен үшін адамдардың шынайы ризашылығынан артық құрмет жоқ. Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты - әлеуметтік қолдау. Зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне және жалғызбасты қарттарға үлкен көңіл бөлеміз. Қарттардың айтуынша, «Бірлік бар жерде тірлік бар». Біз әрқашан жастарға бұл асыл сөздерді еске саламыз. Қуанышта да, қиын жағдайда да жастармен біргеміз», - дейді Бірлікбай Ордабаев.

Іс-шара соңында еліміздің барлық өңіріндегі еріктілер марапатталды. Қарағанды облысында «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығымен еріктілер қозғалысының ең белсенді өкілдері марапатталды.

«Үздік волонтерлік ұйым» номинациясында Қарағанды қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің «Мейірім көпірі» клубы жеңіске жетті.

«Бүгінгі жеңіс - біздің оқушылардың, педагогтардың, ата-аналардың күшімен жасауға тырысатын үлесімізді мойындау. Сонымен қатар, бұл одан әрі жемісті жұмыс жасауға ынталандыру. Мемлекет тарапынан берілген осындай жоғары баға жастарымыздың бойында ең жақсы адами құндылықтарды одан әрі белсенді тәрбиелеуге міндеттейді», - деп атап өтті «Мейірім көпірі» клубының жетекшісі Гүлнар Сейітова.

«Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін» Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінің оқытушысы Талшын Жапбасова марапатталды.

«Мен 2013 жылдан бері ерікті ретінде қызмет етемін. Пандемия кезінде облыстық «Сарыарқа жастары» штабымен бірге жұмыс істеп, мұқтаж отбасыларға көмектестік. Бүгінгі жеңістің маңызы зор. Бұл - мені әрдайым қолдап жүрген достарым мен туыстарымның жеңісі», - дейді Талшын Жапбасова.

«Білімді насихаттауға қосқан үлесі үшін» номинациясында Балқаш қаласының One power еріктілер клубының жетекшісі Маржан Темірғали марапатталды.

«Біздің волонтерлік қызметіміздің басты бағыты – «Birgemiz: Bilim». Номинациядағы жеңіс - 100-ден астам адамнан құралған бүкіл командаға берілген марапат. Сонымен қатар, бұл - білім саласын одан әрі дамыту үшін үлкен мотивация», - дейді Маржан Темірғали.

«Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығы «ҚазТехЭкспо» автоматтандырылған сауда-өндіріс кешенінің бас директоры Сәуле Шәуеноваға бұйырды.