Қарағанды жолдарында «Аргус – жаяу жүргінші» жаңа камералары сынақтан өтуде

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданында «Аргус – жаяу жүргінші» жаңа камералары сынақтап өтіп жатыр. Олар жаяу адамға жол бермейтін көліктерді тіркейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аргус – жаяу жүргінші» жол қауіпсіздік ережелерін бұзушыларды тіркейтін камералар әзірге қаланың төрт қиылысында орнатылған: Жауынгер-нтернационалистер көшесі, 24, Ерубаев көшесі, 41/43, Абай мен Костенко көшелерінің 7-ші үй қиылысында, Сарыарқа көшесіндегі «Әнет Баба» мешітінің ауданында.

«Олар реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдеріне бағытталған. Екі объект, яғни көлік және адам пайда болған кезде, камера үш секундтық видео түсіріп, 2–3 фотосурет жасайды. Мақсат – жаяу жүргіншілерді көлік қағу фактілерін болдырмау. Қазір бұл камералар сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Болашақта біз оларды ресми түрде қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз», – дейді Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.


«Аргус – жаяу жүргінші» жаңа автоматтандырылған бағдарламалық кешенін «Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігі ұсынған.

Бүгінгі таңда Қарағанды облысында жол ережесін бұзу фактілерін тіркейтін 86 стационарлық аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Қарағанды бойынша 60 камера бар.

Сондай-ақ, өңірде патрульдік полиция автомобильдері «Қорғау – қауіпті жүргізуші» және «Ekin Ratrol» заманауи зияткерлік кешендерімен жабдықталған. «Қорғау» Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларында енгізіліп, полицейлерге тек «қауіпті» жүргізушілермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.


«Жүйе жалған нөмірлері бар, сақтандырусыз, іздеуде жүрген автомобильдерді анықтайды. Бұған дейін барлық көліктерді тоқтатып, құжаттарды тексеру қажет болатын. Енді жүйе көше камераларының деректерін талдай отырып, жақын маңдағы полицейдің планшетіне «қауіпті» жүргізуші туралы хабарлама жібереді», – деп атап өтті ПД бастығы.

Цифрландыру аясында облыста Жедел басқару орталығына және кезекші бөлімдерге қосылған 9 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды.

Осы жылдың шілде айында видеокамералар мен кешендердің санын ұлғайту жоспарланған.