Қарағандыда 20 адамның ауызашарда улануына не себеп болды - Бас санитар жауабы
«Тексеру барысында өрескел бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Мұның барлығы да үйде болған және бақылау жүргізілмеген. Бес тәулік бойы салқын жерде сақталмаған кремді тәтті тоқаш сатып алған. Мұнан ары етті таңертең пісіріп, кешкі тоғыздан кейін дастарханға қойған. Осындай өрескел бұзушылықтар улануға себеп болып отыр. Кесілген ет түсі аздап жасылданған және жағымсыз иісі болған. Сиыр мен жылқы еті асылған. Ал кесілген жылқы етінде аздаған жасыл түс бар», - деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне.
Оның нақтылауынша, ауруханаға 20 адам түссе, оның 4-еуі - балалар. Қазіргі уақытта науқастарды емдеудің барлық шаралары жүргізіліп жатыр.
«Бәрі де жақсы болады деп ойлаймын. Жансақтау бөліміне түскен екі адамның жағдайы жақсарып келеді. Қауіпті жағдай жоқ. Астанадан қонақтар болмаған, барлығы да жергілікті тұрғындар», - деді Жандарбек Бекшин.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қарағандыда ауызашарға барған адамдар жаппай уланып, ауруханаға түскен. Ауруханаға астан улану белгілерімен 20 адам қаралған. Барлығында жоғары дене қызуы, құсу, іш өту сияқты, жалпы өткір ішек инфекциясына тән белгілер болған.