Қарағандыда 25 қаңтарда мектептерде сабақ болмайды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 25 қаңтар күні -35 градусқа дейін үскірік аяз болады деп күтілуде. Осыған байланысты Қарағандының барлық орта білім беру мектептерінде 0-11 сыныптар үшін сабақтар болмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Егер оқушылар мектепке келетіндей болса, сабақ өткізіледі.

«Оқушылар мектепке келе қалса мұғалімдер бұрын өткен сабақтарды қайталайды болмаса тапсырмалар береді. Алайда жаңа сабақтар өтпеген жөн»,-деп хабарлады Қарағанды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Облыстың өзге қалалары бойынша әр ауданның білім басқармасының басшысы ауа райына қарай өзі дербес шешім қабылдайды. Қарағанды облысының аумағы өте кең, әр ауданның ауа райы әрқалай болып келеді. Сол себепті сабақ болмайтындығы жөнінде тапсырма облыстың барлық аймақтарына қатысты емес.

«Оқушыны сабаққа жібере ме жоқ па, ол жағын арнайы бекітілген ережеге сай ата-аналар өздері шешеді»,-делінген хабарламада.