Вокалшыларға арналған конкурсты Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және Мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Қарағандыға түрлі қалалар мен аудандардан 30 қатысушы жиналды.
Қатысушылар екі күн бойы бақ таластырды. Бірінші турда олар Роза Бағланованың репертуарынан ән орындауы керек болды. Екінші күні вокалшылар еркін тақырыптағы композицияны таңдап, өз шеберліктерін көрсетті.
«Байқау екі жас санаты бойынша өткізілді – 18–35 және 36-50 жас. Роза Бағланованың репертуарынан «Асыл арман», «Ақмаңдайлым», «Әдемі-ау» және «Іңкәрім-ай» әндері жиі шырқалды. Екінші турда біз халықтық және заманауи композицияларды тыңдадық. Менің ойымша, Сәтбаев пен Қарағанды вокалшылары бәрінен де жақсы өнер көрсетті», – деп өз ойымен бөлісті Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің солисі Гүлмира Тапай.
Ұзақ талқылаудан кейін қазылар алқасы бас жүлдені қарағандылық Ербота Ұзақбаевқа берді. Бірінші орынды Нұра қаласынан Жазира Казимова мен Қарағандыдан Ерболат Маханбет бөлісті.
«Ән айтумен 2006 жылдан бері айналысамын. Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиев, «Жұлдыз», «Атамекен» сынды түрлі ән байқауларына бірнеше рет қатысқанмын. Бұл байқауға тыңғылықты дайындалдым. Бірінші турда «Асыл арман» әнін орындадым. Ол маған өте жақын. Екінші кезеңге «Аңыз аруды» таңдадым. Бұл жолы қарсыластар мықты болды, жеңіс үшін күресуге тура келді», – дейді Ербота Ұзақбаев.
Байқау жеңімпаздардың қатысуымен өткен гала-концертпен аяқталды.