Қарағандыда 350 млн теңгенің контрабандалық темекі өнімдері анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 350 миллион теңгеден астам соманың контрабандалық темекі өнімдері анықталды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы 6 қазанда ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі жедел-іздестіру шаралары барысында Қарағанды қаласында шығарылған жері белгісіз 670 мыңнан астам қорап темекі өнімдерін тәркіледі. Жалпы сомасы – 350 миллион теңгеден астам.

«Тергеу барысында Әзербайжан азаматы басқа тұлғалармен бірлесіп, Қарағанды облысының аумағында «Космос», «Беломорканал», «Тройка», «Столичные» маркалы темекі өнімдерін акциздік маркасыз сатқаны анықталды.

Заңға қайшы әрекеттің салдарынан мемлекетке 149 миллион теңге көлемінде залал келтірілді.

Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», - деді ҚР ҚМА баспасөз қызметінен.