Қарағандыда 4 жасар бүлдіршін 9-қабаттың терезесінен айғайлап көмек сұраған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының құтқарушылары көпқабатты үйдің тоғызыншы қабатындағы терезеден айқайлап, көмек сұраған баланы құтқарды. Арнайы авто баспалдақтың көмегімен өрт сөндірушілер жоғары көтеріліп, 4 жасар баланы тереза алдындағы тақтайдан шешіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

17 ақпанда Қарағанды қаласындағы Сталелитейная көшесіндегі тұрғын үйде 9-шы қабаттағы пәтердің ашық терезесінен кішкентай баланың көмекке шақырғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖ департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №11 және 7 өрт сөндіру бөлімдерінің күш-құралдары жедел шықты.

«Оқиға орнына жеткен құтқарушылар терезені ашып-жауып тұрған қызды көреді. Құтқарушылар бірден 9-қабаттың терезесіне автосаты орнатуға кірісіп, пәтерге подъезд арқылы кіруге де әрекет жасайды. Бірақ пәтердің есігі жабық болған. Кейін пәтерде ересектердің жоқтығын түсінеді. Автосаты орнатып, онымен көтеріліп жатқан құтқарушылар бала сүрініп немесе қорқып биіктіктен құлап кетуі мүмкін деп алаңдады. Сондықтан терезе астында бірнеше қызметкер тұрды», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.


Автосатымен көтерілген құтқарушыларды ашық терезенің алдында «Мені құтқарудың қажеті жоқ, бәрі жақсы» деген сөзбен 4 жасар қыз қарсы алады.

Жауынгерлер баламен ақырын сөйлесе отырып, пәтерге кіріп, қызды терезе алдынан түсірген.

Көп ұзамай баланың анасы да келеді. Анықталғандай, анасы кіші баласымен бірге қызды жалғыз қалдырып, аз уақытқа кетіп қалған көрінеді.

«Мен ол терезені аша алады деп ойламаппын. Біз бұған дейін де оны жалғыз қалдырып жүргенбіз. Бірақ бұл жолы ол бірдеңеден қорқып, ашық терезеден айқайлай бастады» деді.

Қыздың ата-анасы құтқарушыларды шақырған көршілеріне шын жүректен алғысын айтты.

Қарағанды облысының ТЖД кішкентай балаларды қараусыз қалдырудың қауіпті екенін еске салады.

Балаға терезені бірнеше сантиметрден артық ашуға мүмкіндік бермейтін арнайы бекіткіштерді орнатуды ұсынамыз.

Егер бекіткіш құрылғы орнату мүмкіндігі болмаса, терезенің тұтқасын алып тастап, оны тек қажет болған жағдайда пайдаланыңыз.

Ашық терезенің жанында болу қаупі туралы балаларға үнемі түсіндіріңіздер.