Қарағандыда 7 жыл бұрын қылмыс жасап, қашып жүрген күдікті ұсталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды полицейлері осыдан жеті жыл бұрын қарақшылық шабуыл жасап, 6 млн тегеден астам ақша ұрлаған күдіктіні құрықтады. Оның екі сыбайласы қылмыс жасаған соң бірден қолға түскен, алайда үшінші күдікті жасырынып үлгерген. Тәртіп сақшылары оған іздеу жариялаған. Жеті жылдан кейін полиция қызметкерлері қарақшыны құрықтап, қамауға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2013 жылдың желтоқсан айының соңында сағат 13.30-да бетперде киген үш белгісіз тұлға Қарағанды қаласының ЖШС-нің бірінің кеңсесіне басып кірген. Қаскүнемдер қару-жарақпен қорқытып, зорлық-зомбылық көрсетіп, жалпы сомасы 6 857 000 теңгені құрайтын ақшалай қаражатты иемденген.

Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 192-бабы 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

2014 жылдың басында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері аталған қылмыстқа қатысы бар деген күдікпен Қарағанды қаласының екі тұрғынын анықтап, ұстаған болатын. Қазіргі уақытта олар сотталып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатыр.

«Үшінші күдіктіге тергеу органдары іздеу жариялады. Жеті жылдан кейін 8 маусымда Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Алматы облысы Жетісу ауданының ПД қызметкерлерімен бірлесе отырып, Алматы облысы Бірлік ауылында қарақшылық жасаған 34 жастағы күдіктіні анықтап, ұстады», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД бастығы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллин.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.