«Байқауға Қарағанды облысының әр өңірінен жас таланттар қатысты, олар жыраулар поэзиясы стилінде жазылған шығармасын оқып, жырау өлеңдерін орындау бойынша сайысқа түсті. Қазылар алқасы бағалау кезінде сахна мәдениетіне, сондай-ақ оқу және орындау стиліне, қатысушы жатқа білетін шығармалар санына назар аударды», – дейді ұйымдастырушылар.
Шығармашылық жарыстың қорытындысында «Бұқар жырау оқулары» номинациясы бойынша Маралжан Мәдинеш (Бұқар жырау ауданы), «Әлемді түгел көрсе де» номинациясы бойынша Милана Мених (Қарағанды), «Жыршы-жырау» номинациясы бойынша Ұланғасыр Кәмиев (Шет ауданы) және «Бұқар жырауша» басты номинациясы бойынша үздік суырып салма ақын Бекарыс Оспанов (Қарағанды) жеңіске жетті.
Байқау 14-ші рет өткізілді. Жыл өткен сайын оған қатысуға ниет білдірушілер саны артып келеді.