Қарағандыда апатқа байланысты жүздеген үй бірнеше сағат бойы сусыз отырады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда №23 магистралды суағарында апат болды. Нәтижесінде жүздеген үйлер мен әлеуметтік нысандар ауызсусыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше түстен кейін Қарағандыда «Екінші аймақ» бас сорғы станциясынан өтетін диаметрі 630 мм N 23 магистралды су құбыры істен шықты. Су таратқыштың жалпы ұзындығы – 18 км. Бұл сутаратқыш Оңтүстік-Шығыс, Кирзавод 1-2, Федоровка тұтынушыларына су береді.

Түнде әлеуметтік желілер арқылы қала билігі тұрғындарға күні бойы үйлер мен әлеуметтік нысандарда су болмайтынын хабарлады. Алайда, су тасушы көліктермен ауруханаларға, мектептер мен балабақшаларға су жеткізіп жатыр.

Қазіргі уақытта «Қарағанды Су» ЖШС бригадалары су құбырында туындаған апатты жою бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Қарағанды қаласының әкімдігінде хабарлағандай, 2014-2015 жылдары «Темір Зат» ЖШС мердігерлік ұйымы N 23 магистралды су тартқышын қайта жөндеуден өткізген, 2016 жылы полиэтилен құбырлары орнатылған су тартқыш пайдалануға берілді. Ал 2019 жылы су құбыры «Қарағанды Су» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілді. Нысанда осы уақытқа дейін апаттар болмаған.

Компания апатты жою жұмыстарды 9.00-ден 24.00-ге дейін жүргізетінін, содан кейін су тартқышты сумен толтыруға – гидравликалық режимді реттеуге кірісетінін хабарлады.