Еске сала кетейік, бүгін Қарағанды қаласының Орталық саябағында күшті желден үрлемелі батут аударылып қалған болатын. Оқиға салдарынан 12 жасар бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Батутта болған тағы 3 бала түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
«Қайтыс болған бала - Рудаков Д. М. 03.02.2007 жылы туған. Қарағанды қаласының тұрғыны. Ауруханаға жеткізілген балалардың бірі - Лензехан В.Е 22.4.2004 жылы туған. Сол жақ қолының бір саусағы жарақаттанған. Ол Мақажанов атындағы травматология орталығының жарақат пунктіне жеткізілді. Екінші бала - Аманқұлов И. 19.8.2004 жылы туған. Сол аяғының сүйегі сынып, жылжып кеткен, кеуде бөлігінің омыртқасында жабық сынық анықталды, жұлыны зақымданбаған. Үшінші бала Саран қаласынан келген - Көмекова Ж. 01.02.2012 жылы туған. Баланың іші ауыр жарақаттанған», - деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 3-4 минутта жеткен. Оқиға орнында 5 ЖМК бригадасы және бір апаттық медицина бригадасы жұмыс істеді.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек негізінде ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлімі («Адам өліміне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тиісті органдар аталмыш нысанды пайдалану жөніндегі құжаттаманы тексеруде.