Қарағандыда автобустар тозған, жүргізушілер тапшы - қала әкімі

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды автопарктері жолаушылар тасымалының сапасын жақсарту үшін биыл 100 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, жүргізушілердің жетіспеушілігін шешу мақсатында D санатында оқыту орталығы ашылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия жолаушылар тасымалына қатты әсер етті. Бірінші кезекте бізде жүргізушілердің жетіспеушілігі проблемасы бар. Бізде өткір тапшылық – D санатындағы 200-ге жуық жүргізуші жетіспейді, екінші мәселе – жылжымалы құрам. Біз оның қатты тозғанын түсінеміз. Өткен жылы автопарктер 40-тан астам автобус сатып алса, биыл тағы 100-ін алады. Қазірдің өзінде келісімшарттар жасалды. Жеткізу қазан айында болады. Бірінші кезекте субсидияларды арттырамыз. 80 теңге тарифі соңғы 6 жылда өзгерген жоқ. Сондықтан, осы жылы субсидиялар 8 млрд-қа дейін ұлғайтылады, оның 3 млрд-ы қазірдің өзінде төленді. Жаңа автобустар сатып алынған соң, біз пандемия кезінде жабылған бағыттарды ашамыз», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, Қарағандыда жүргізушілердің жетіспеушілігін шешу үшін D санатында оқыту орталығын ашу жоспарланған. Бүгінгі таңда мұндай орталық тек Нұр-Сұлтан қаласында бар.

«Жүргізушілерге қатысты. Автобусты тек D санатындағы жүргізуші куәлігімен басқара алады, ал оны Нұр-Сұлтанда ғана алуға болады. Сондай-ақ, белгілі бір жұмыс тәжірибесі болуы керек. Ондай мамандарды табу өте қиын. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін биыл біз бюджет қаражатын салып, автобус жүргізушілерін оқытатын полигон салу үшін конкурс өткіземіз. Сонан соң жергілікті мамандар осы жерден куәлік ала алады. Полигон ескі әуежай аумағында болады. Бұл жұмыс ХҚКО-мен бірлесіп жүргізіледі», - дейді Ермағанбет Бөлекпаев.


Соңғы жаңалықтар