Қарағандыда баланы құтқарған әскери қызметші «Ел қорғаны» медальмен марапатталды
Қорғаныс министрлігінің басшысы бұйрықта Зәуре Шахабаеваның батылдығын, борышы мен антына адалдығын атап көрсетті.
Қарағанды облысы қорғаныс істері департаменті баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, медальды Зәуре Шахабаеваға министрдің атынан Қарағандыдағы уәкілетті өкіл салтанатты түрде табыс етеді.
Ержүрек әскери қызметшінің бұл ерлігі министр мен өңірлік басшылыққа белгісіз күйі қала берер де еді. Бірақ перзентін құтқарғаны үшін шексіз ризашылық білдірген ана қорғаныс істері департаментінің басшылығына антына адал әскерилерді тәрбиелеп жатқаны үшін алғыс хат жазған.
Қарағандының Қазыбек би ауданы қорғаныс істері бөлімінің заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі тобының басшысы Зәуре Шахабаева өз әрекетін ерлік деп санамайды.
«Кез келген адам баланы құтқару үшін құдыққа түсуі мүмкін еді», - дейді З. Шахабаева.