Қарағандыда «Бесоба» шағынауданындағы үйдің құлауына қатысты қылмыстық істер сотқа келіп түсті

None
ҚАРАҒАНДЫ. 23 қазан. ҚазАқпарат - Қарағандының Қазыбек би атындағы аудандық сотына «Бесоба» шағынауданындағы үйдің құлауына байланысты қылмыстық істер келіп түсті. Бұл туралы бүгін брифинг барысында Қарағанды облыстық сотының баспасөз хатшысы Дулат Әубәкіров хабарлады.

«2012 жылдың 17 қазанында Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық сотына «Бесоба» шағынауданындағы үйдің опырылып құлауына байланысты екі қылмыстық іс келіп түсті. Басты сот отырысы әзірше белгіленген жоқ», - деді Д.Әубәкіров.

Сот алдында 4 адам жауап береді: бұл мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағалары болған Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасарлары Виктор Иванов пен Сергей Грибенщиков, сондай-ақ комиссия төрағаларының орынбасарлары Дәулет Алтынбеков пен Татьяна Гук. Олар ҚР ҚК 307 бабының 4 бөлімімен («Ауыр зардаптарға әкеліп соқтырған қызметтік өкілдіктерін теріс пайдалану») айыпталуда.

Тергеу нұсқасы бойынша, мемлекеттік қабылдау комиссиясының басшылығы комиссия жұмысына заң талап еткендей пайдалануға беру және жобалық мекемелер өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етпей, өзінің қызметтік міндеттерін қасақана орындамаған.

ҚР ҚК 307 бабының 4 бөлімімен 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, сондай-ақ 7 жылға дейін белгіленген қызметтерді атқаруға және жоғары лауазымдарды иемденуге тыйым салынады.

Естеріңізге сала кетейік, 6 сәуірде Қарағандыдағы «Бесоба» ТК-дегі 5 қабатты үйдің 4-кіреберістік блок-секциясы опырылып түсті. Бұл үй үш жыл бұрын үлескерлердің қатысуымен салынған еді. Бұған дейін, аталмыш тұрғын үйде 1 сәуір күні негізгі құрылыс конструкциялары бұзылған болатын. Апатты үйден 138 адам көшірілді. Қарағанды әкімдігінің 3 сәуірдегі өкімімен үйге ТЖ тәртібі енгізілді.

ТЖ салдарынан болған шығын 545,3 млн. теңгеге бағаланды. Соның ішінде жойылған пәтерлердің бағасы 328,8 млн. теңге болды.

Үйдің опырылып құлауы фактісімен құрылысшыларға, жобалаушыларға, мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүргізген қызметтік тұлғаларға қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды. Сот санкциясымен Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасарлары Виктор Иванов пен Сергей Грибенщиков, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьев қамауға алынды.

Қазіргі кезде зардап шеккен үлескерлерге қала билігі жаңа үйлер берді. Осы екі арада «Бесобадағы» басқа барлық тұрғын үйлер апатты деп танылды. Бүгінде бүкіл кешенді түгелімен бұзып, оның орнында жаңа көпқабатты үйлер салу жоспарланған.

Бұл үйдің құрылысымен айналысқан «Сервиспромснаб» ЖШС-нің директоры Андрей Маляновқа қатысты қаржы полициясы үлескерлерді алдау фактісімен қылмыстық істі тергеуде. Алданған жұрттың ақшаларын алып қашқан компанияның басшысына іздеу жарияланды.