Қарағандыда бөлім командирінің көмекшісіне пара алды деген айып тағылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда әскери сардар ірі көлемде айыппұл төлеп, қызметінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жандос Бапиевті ҚР ҚК 365 бабы, 1 бөлімі бойынша (пара алу ісіне делдал болды) кінәлі деп тауып, оған жаза ретінде алынған параның 10 есе үлкен көлемінде айыппұл салынсын»,-делінген Қарағанды гарнизонының әскери судьясы Есен Жұмабеков шығарған үкімде.

Бұған қоса сотталған азамат ҚР Қарулы Күштерінде мемлекеттік қызметте және жергілікті атқарушы органдарда өмір бойына қызмет ете алмайтын болды. Сондай-ақ сот оны «майор» әскери атағынан айырды.Айыппұл төлеуге сот үкімі шыққаннан соң бір ай уақыт беріледі. Айыппұл төленбеген жағдайда бас бостандығына айыру жазасы беріледі.

Осы іске қатысты материалдарға қарағанда, 37 жасар әскери қызметкер сыбайлас жемқорлық әрекетіне жол берген. Ол ҚР Қорғаныс министрлігінің бөлім командирінің құқықтық жұмыстар жөніндегі көмекшісі қызметін атқарып келген. Пара алуға оны бұрынғы әріптесі көндірген. Әскерилердің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеру кезінде қызмет пәтерлерінің бірінде бөтен адамдардың тұрып жатқаны белгілі болған. Осы фактіні жасыру үшін ақшалай сыйлық талап етілген.

Бапиев болса осы әрекетке делдал болып, тексерушіге беру үшін 150 мың теңге көлемінде пара алған.