Қарағандыда Бұқар жыраудың 355 жылдығына орай республикалық конференция өтті

Фото: Фото: Қарағанды Достық үйі
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды Достық үйінде Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына арналған республикалық конференция өтті. Іс-шараны ұйымдастырушы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.

«Бұқар жырау Қалқаманұлы бүкіл өмірін ел бірлігіне арнады. Бұқар жыраудың рухани мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін болады. Ата-бабамызды дәріптей отырып, біз ұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз», – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұқар жырау - XVIII ғасырдың көрнекті мемлекет қайраткері. Қазақ ханы Абылайдың бас кеңесшісі болған.

Төле би, Қазыбек би және Әйтеке бимен бірге Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Жеті жарғы» заңдар жинағын құруға қатысқан.

Бірақ бәрінен бұрын жырау ретінде танымал болған. Толғауларында ақын өз заманының өзекті мәселелеріне тоқталып, оларға жауап беруге тырысқан.

Сондай-ақ шығармашылығы арқылы жастарға кеңес берген.

«Республикалық конференция ұлы бабамыз Бұқар жырауға арналып отыр. Біз осындай кездесулерді ата-бабамызды еске алу және олардың жұмысын насихаттау үшін ұйымдастырамыз», – деп атап өтті Қазақстанның бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы.

Конференцияға Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков пен Қазтұтыну одағы Қарағанды университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев және зиялы қауым өкілдері, ұстаздар мен дін қызметкерлері қатысты.


Соңғы жаңалықтар