Қарағандыда бұрынғы әскери қалашықта қирандылардың астында қалған үш адамның мәйіттері әлі табылған жоқ - ТЖМ

АСТАНА. Қаңтардың 25-і. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы «Балқаш 9» стансысындағы бұрынғы әскери қалашықта ғимараттың құлауы салдарынан қирандының астында қалған үш адам әлі табылған жоқ,

деп хабарлады ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың өткен 22-сі күні сағат 13.30-да «Балқаш 9» стансысындағы «Дарьял-У» бұрынғы әскери қалашығында ғимараттарды рұқсатсыз бөлшектеу барысында нысанның 250 шаршы метр көлемдегі конструкциясы опырылып құлап, қирандының астында 40 жастағы азамат мерт болған. 35 жастағы бір азамат дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Болжам бойынша үйіндінің астында 27, 31 және жасы анықталмаған тағы 1 адам қалып отыр.

«Қаңтардың 23-і және 24-і күндері жүргізілген іздеу-құтқару жұмыстары нәтиже бермеді. Төтенше жағдайды жоюға 53 адам мен 14 техника жұмылдырылды», деп анықтады ведомствоның баспасөз қызметінен.