Қарағандыда бұзақы полицейді екі тісінен айырды

ҚАРАҒАНДЫ. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Қарағандыда бұзақы қызмет бабында болған полиция қызметкерін ұрып, екі тісін сындырды.

Бұл туралы Қарағанды облысы ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарланды.

Полицияның берген ақпараты бойынша, оқиға өткен жексенбіде Қарағандыдағы «Горняк» автобустар аялдамасының аумағында болды.

«Полицияның стационарлы бекетінің екі өкілі, 25-30 жас аралығындағы төрт ер адам өтіп бара жатқан адамдардың мазаларын ала бергенін байқаған. Олар қоғамдық тәртіпті бұзушыларға ескерту жасамақ болып, қасына барған. Полиция қызметкерлері өздерін таныстырып, қызметтік куәліктерін көрсеткен кезде бұзақылардың бірі полицейдің бетінен ұрып қашып кеткен», - деп хабарланды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Полицейлер бұзақылардың бірін қуып, ұстады. Оның сөзіне қарағанда, полиция қызметкерін ұрған Шет ауданының 31 жастағы тұрғыны.

«Оны ұстау бойынша шаралар жүргізілуде. Билік өкіліне күш көрсету фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 321-бабымен қылмыстық іс қозғалды», - деп хабарланды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Зардап шеккен полиция қызметкеріне ем қажет болды. «Оның жағы сынуы мүмкін деген болжам жасалды. Рентгендік тексеру көрсеткендей, сүйекке зақым келмеген», - деп мәлім етілді баспасөз қызметінен.