Қарағанды қаласының білім бөлімі дене шынықтыру мұғалімінің оқушыға қол көтергені үшін айыптау фактісі бойынша қызметтік тексеруді аяқтады.
Айта кетейік, бұған дейін 13 жасар жасөспірім мұғалімнің оны бірнеше рет басынан ұрып , бүкіл сыныптың алдына желкесінен сүйрегенін айтқан болатын.
Алайда бейнежазбада мұндай әрекет болмаған.
«Баланың анасы, полиция және мектеп басшылығы мектептің спортзалында орнатылған бейнекамераның жазбаларын бірге қарап шықты. Видеода зорлық-зомбылық фактілері жоқ. Бейнебақылау камерасындағы жазба дене шынықтыру мұғалімінің балаға қол көтеру фактісі болмағанын көрсетті. Баланың анасы жағдайды түсінбегенін айтып, тексерілмеген ақпаратты жария етуге асыққаны үшін кешірім сұрады. №34 мектеп ғимаратында педагогтардың, учаскелік полиция инспекторларының және 7-сынып оқушысының анасының қатысуымен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кеңес өткізілді. Тексеру аяқталды», - деп мәлімдеді Қарағанды қаласының білім бөлімі.
Дене шынықтыру мұғалімі жалған айып тағылғаны үшін баланың анасынан әлеуметтік желіде кешірім сұрауын немесе моральды шығын талап ете ме, жоқ па - әзірге белгісіз.