Қарағандыда екі автобустың соқтығысуына кінәлі жүргізуші сотталатын болады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда екі автобус соғылып екі адам мерт болды. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді. Қайғылы жағдайға 32 жастағы автобус жүргізушісі кінәлі деп табылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кадр из видео

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 25 қарашасында Қарағандыда жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды.

Мерседес-Бенц жолаушылар автобусының 32 жастағы жүргізушісі Саран қаласы жағынан Қарағанды қаласы Баженов көшесіне қарай жүріп келе жатып, көпірде қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан Yuntong жолаушылар автобусымен бетпе-бет соқтығысқан.

«Апат салдарынан Yuntong автобусының жүргізушісі мен Мерседес-Бенц автобусының жолаушысы оқиға орнында мерт болды. Бес жолаушы ауыр дене жарақатын алды, он жолаушы орташа дене жарақатын алды. Қазіргі уақытта осы қылмыстық іс бойынша жол-көлік оқиғасына кінәлі азаматқа қатысты тергеу аяқталды және соттың қарауына жіберілді», - деді Қарағанды облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры генераан Файзуллин.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша айыпталып отырған автобус жүргізушісі үй қамауында. Оның кінәсі мойындалған жағдайда, кем дегенде 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Өз кезегінде облыстың бас полицейі жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін, жылдамдық режимін және қашықтықты қатаң сақтау, жолдарда өте мұқият және сақ болу керектігін еске салды. Сондай-ақ, ол көлік құралын басқару кезінде қауіпті маневрлер жасау мен күрт тоқтаудан абай болу керек екенін еске салды.