Қарағандыда екі көлік соқтығысып, жүргізушінің бірі мерт болды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бүгін «Қарағанды-Теміртау» тасжолында екі көлік соқтығысты. Салдарынан жеңіл көліктердің бірінің 27 жастағы жүргізушісі қаза тауып, 4 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға бүгін сағат 11:45 шамасында «Теміртау-Қарағанды» автожолында болды. «Бүркіт» кафесінің маңында «Тойота Эстима» мен «Опель» көлігі соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Опель» автокөлігінің 27 жастағы жүргізушісі оқиға орнында мерт болды. «Тойота Эстима» автокөлігінің жүргізушісі және оның жолаушылары, сондай-ақ «Опель» автокөлігінің жолаушысы медициналық мекемеге жеткізілді. Аталмыш дерек полицияда тіркелді және тиісті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалды шешім қабылданады», - деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Дәрігерлер аталмыш жол апаты кезінде зардап шеккендердің жағдайына қатысты келесідей ақпарат берді.

«Зардап шеккен төрт адам, олардың екеуі Мақажанов клиникасына жатқызылды. Қалған екі ауыр жарақат алған науқас медициналық университеттің клиникасына жеткізілді», - деп түсіндірді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Видеодан алынған кадр