Қарағандыда екі жігіт 29 көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін ұрлаған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық полицейлер шетел автокөліктерінің мемлекеттік тіркеу нөмірін ұрлаумен айналысқан ұрыларды құрықтады. Ұсталғандар осы секілді 29 қылмыс жасағанын мойындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы уақыттарда әлеуметтік желілер мен ақпараттық агенттіктерінде шетелдік автокөлік иелері белгісіз біреулердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін ұрлап, кейін қайтару үшін ақша талап еткені туралы шағымдар жарияланған болатын. Барлық оқиғалар Қарағанды қаласында түнгі уақытта болған.

Қарағанды облыстық Полиция департаменті басшылығы күдікті тұлғаларды ұстау мақсатында түнгі жедел-іздестіру топтары құрылған болатын.

Ұрлық фактілеріне талдау жасау барысында, полиция қызметкерлері қылмыстың көп болатын жері Қарағанды қаласының Оңтүстік-шығыс аумағы екенін анықтады. Сондықтанда осы аумаққа баса назар аударылып жұмыстар атқарылды. Күнделікті кешенді іс-шаралар атқарылып, жасалған жұмыстардың арқасында полиция қызметкерлері оң нәтижеге қол жеткізді.

«8 желтоқсан күні сағат таңғы 5.00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасы Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында Язев көшесінде орналасқан үйлердің ауласында тұрған көліктердің бірінен тіркеу нөмірін шешіп жатқан 18 және 20 жастағы екі азамат ұсталды. Тексеру барысында олардан 9 нөмір тәркіленіп алынды. Сондай-ақ, ұсталғандар Қарағанды қаласында автокөліктерден тіркеу нөмірлерін ұрлаудың 29 фактісін мойындады», - деді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ерлан Файзуллин.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.