Қарағандыда елордалық жасөспірімдерді тонаған ресейлік азамат ұсталды
16:29, 26 Қазан 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық полицейлер қала аумағында тонаушылық жасаған Ресей Федерациясының 32 жастағы азаматын ізін суытпай Қарағандыда ұстады, деп хабарлайды Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Ұсталған азамат қылмысын жасаған соң, қылмыстық қудалау органдарынан жасырыну және ұрлаған ұялы телефондарды Қарағанды аумағында сату мақсатымен сол қалаға кеткені анықталды.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 191-бабының 1-бөлімі бойынша сот алдындағы тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған азамат Астана қалалық ІІД-нің уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Ұсталған азаматтың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы тексерілуде.