Қарағандыда ескі қала тарихы туралы кинохрониканың таныстырылымы өтеді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылықтарға көмір астанасының тарихы мен ескі қаладағы өмір туралы баяндайтын «Біздің жастық шағымыздың театры» деректі фильмінің премьерасы таныстырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Картинаның негізгі бөлігінде Қарағандының ең көне тас құрылысы – Қазақ драма театры жайлы баяндалады.

Фильмнің авторы және жасаушысы – «Диалог» жанжалдарды шешу орталығы. Ұзақ уақыт бойы оның қызметкерлері қоғамды тарта отырып, драма театр ғимаратына сәулет ескерткіші мәртебесін беруге тырысты. Мұның барлығы ұзаққа созылып кеткенін көрген соң, олар мәселені басқа жолмен шешуді ұйғарды.

«Біз алдымызға театр ғимараты мен сол уақыт туралы естелік сәттерді фильмнің көмегімен сақтауды міндет етіп қойдық. Қарағанды, Алматы, Мәскеу мұрағаттарына жүгіндік. Бір кездері ескі қалада тұрған адамдардың әңгімелерін жинай бастадық. Бастапқыда фильмді 20 минутқа жоспарладық. Бірақ, жаңа ақпараттардың келіп түсуімен біз қазақ драма театрының тарихы Қарағанды, Қазақстан, Кеңес одағы тарихымен тығыз байланысты екенін түсіндік», – дейді «Диалог» ЖШО жобалар үйлестірушісі Иван Савицкий.

Бір сағатқа жуық кинохроника таңғажайып фактілер туралы айтады. Бір кездері қазақ драма театрының жанында аты аңызға айналған ұшқыш Нүркен Әбдіров тұрған. Ғимаратпен кеңес дәуірінде белгілі жазушы Михаил Шолоховтың, ғалым Александр Чижевскийдің, суретші Владимир Эйферттің есімдері байланысты.

«Біз ақпарат жинайтынымыз туралы хабарлама жасаған бетте көптеген пікірлер айтылды. Тіпті Австралияда тұратын режиссёр Ян Витебскийдің өзі бізге хат жазды. Ол бұрындары Қарағандыда тұрған, кеншілер қаласы туралы көптеген фильмдер түсірген. Оның айтары көп еді. Біз оның барлық әңгімелерін кинохрониканы дайындау барысында қолдандық», – дейді Иван Савицкий.

Фильмнің сценарийін Калининград тұрғыны Леон Костевич жазды. Режиссёр Мәскеуден келген Константин Харлампидис болды.

Фильм туған қаласының тарихына бейжай қарамайтын барлық қарағандылықтар үшін қызықты болады.

Премьера 14 сәуірде «Сарыжайлау» кинотеатрында өтеді. Кіру тегін, бірақ тек алдын-ала брондау қажет. Кейінірек «Біздің жастық шағымыздың театры» фильмі «Диалог» орталығының YouTube-арнасында жарияланады.