Қарағандыда Головкин – Мурата жекпе-жегін үлкен 5 экраннан көруге болады
Жекпе-жектің трансляциясын Қарағандының бес үлкен экранынан сағат 15:00-де көруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тікелей көрсетілім Достық үйінде, Геннадий Головкин атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде, Кеншілер мәдениет сарайы, City Mall-да ұйымдастырылады.
Қазақстанда спорттық шоуды Kazsport және Qazaqstan телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция Нұр-Сұлтан уақытымен 15:00-де басталады.
Еске сала кетейік, Геннадий Головкин 2020 жылдың желтоқсан айында АҚШ-та поляк Камил Шереметаны нокаутқа түсіріп, 21-ші рет әлем чемпионы атағын қорғағаннан бері рингке шықпаған еді. Риота Мурата 2019 жылдың желтоқсанында канадалық Стивен Батлерге қарсы күресте өз атағын сақтап қалды.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкинді туған күнімен құттықтап, жеделхат жолдады.