Қарағандыда ішімдік ішпеген жүргізушілерді диспансерден өтуге мәжбүрлеген

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда прокурорлар полиция наркодиспансерден өтуге негізсіз мәжбүрлеп жатқан жүргізушілерді қорғауда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Үйлестіру кеңесінің отырысында ішімдік ішпеген жүргізушілерді негізсіз наркологиялық диспансерден өтуге мәжбүрлеу статистикасы қаралды. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2016 жыл және 2017 жылдың алғашқы жартысында 8 мың 292 жүргізуші медициналық тексеруден өтуге міндеттелген болса, соның 4 мың 401-інен спиртті ішімдіктер немесе есірткі қолдану белгілері табылмаған.

Үйлестіру кеңесінің төрағасы, облыс прокуроры Марат Сексембаев адамдардың конституциялық құқығы бұзылмауын талап етті.

«Ішкі істер органдары жүргізушілерді ешқандай құжат рәсімдеместен тексеруге жібергені анықталды», - деді Марат Сексембаев.

Кеңес мүшелері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске көлік құралын тоқтатқанда жүргізушіні тиісті құжат толтырып және медициналық тексеруге жіберу мүмкіндігін беретіндей өзгеріс енгізу бойынша ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобын құру бастамасын көтерді.

Сондай-ақ Алматыдағы секілді алкотестерлер сатып алу мәселесін қарау ұсынылды. Дені сау жүргізушілерді медициналық тексеру үшін бюджеттен төрт миллионнан астам қаржы жұмсалған.