Қарағандыда Кәкімбек Салықовты еске алу кеші өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда Кеншілер мәдениет сарайында сенбі, 30 қыркүйекте Кәкімбек Салықовтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Жезкиік» деген атаумен  еске алу кеші өтеді, деп хабарлайды облыс әкімінің ресми сайты .

Кешке танымал шығармашылық тұлғалар - ақындар, музыканттар және әншілер шақырылып отыр. Қонақтар қатарында: Серік Оспанов, Қорабай Есенов, Венера Базарбаева, Сейіл Аяғанов, Жағыпар Әлімханов, Сәкен Әлімханов, Ерболат Маханбет және «Көзкөргендер» ардагерлер ансамблі бар.

Кәкімбек Салықов. К. Салықов 1932 жылы 22 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Еңбек ауылында туған. 1955 жылы Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтын бітірген. Одан кейінгі жылдары Жезқазған кенішінде кен мастері, участке бастығы, К.И.Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы, Қазақстан КП қалалық комитетінің бірінші хатшысы, Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарады. Ал 1975 жылы КОКП Орталық Комитетінің аппаратында инспектор болып қызмет істейді. 1984 жылы Өзбекстан КП ОК-нің бюро мүшесі, Қарақалпақ АКСР облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесінің экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы кеңестің Президиум мүшесі қызметтерінде болды. Алғашқы өлеңдер жинағы 1977 жылы жарық көрген. Сол жылы «Жезкиік» атты жыр жинағы орыс тіліне аударылып жарияланды. 1981 жылы «Қырғызстан» баспасы оның «Нұрлы күндер» кітабын қырғыз тілінде, 1983 жылы Ғафур Ғұлам баспасы «Жезкиік» жинағын өзбек тілінде шығарды. «Букетовке реквием», «Эдельвейс», «Ғасырға тең бір мезет», «Че Гевара» атты поэмалары орыс тіліне аударылды. К. Салықов - «Дала», «Қырандар», «Гәкку», «Жезкиік», «Еңлікгүл», «Тәттімбет», «Домбыра», «Қарақалпақ», «Кенесарының соңғы сөзі» секілді көптеген поэмалардың авторы. Соңғы жылдары оның «Ойтолғақ» (2001), «Сырғалы сонеттер» (2001), «Күзгі шуақ» (2004), «Күзгі сарын» (2005), «Сенсің ел данасы» (2006), «Әлемнің сегізінші ғаламаты» (2006), «Мағжанға тағзым» (2008) кітаптары жарық көрді. В.В.Маяковскийдің «В.И.Ленин» поэмасын, А.С.Пушкиннің өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романын, М.Ю.Лермонтовтың, Ю. П. Полонскийдің, Р. Ғамзатовтың, Алдан-Семеновтың, С.Норовчатовтың, В.Савельевтің, Я.Коластың, М.Львовтың, моңғол және өзбек ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Б.Жұманиязов, Н.Тілендиев, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев сияқты композиторлар ақынның көптеген өлеңдеріне ән шығарды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне үш мәрте (IX, X, XI) депутат болып сайланған. Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Парасат» және Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Парасат» және Халықтар Достығы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Көрнекті ақын 2013 жылы 82 жасқа қараған шағында өмірден озды.