Қарағандыда қарақшылыққа айыптау бойынша қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда ауыр қылмыс жасауға айыпталушы қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарауды талап етті. Бұл туралы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

«Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 192-бабы 2-бөлігі 4-тармағы (қарақшылық), 287-бабы 3-бөлігі (қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру), 99-бабы 2-бөлігі «1, 8» тармағы (өлтіру), 202-бабы 2-бөлігі «1, 5» тармағы (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша айыпталған азамат Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Айыпталушы қылмыстық істі алқабилер отырысында қарауды талап етті», - делінген хабарламада.

Айыптау нұсқасы бойынша, ер адам аса ірі көлемде достарына және таныстарына карыздар болған соң оқ ататын қарумен қарақшылық шабуыл жасаған. Екі адамды атып, 180 мың теңге ақшасын иемденген. Олардың денелеріне бензин құйып өртеп жіберген.