Қарағандыда қашқын экс-шенеунік сотталып, бірден рақымшылыққа ілікті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда бірнеше жыл бойы жасырынып келген және халықаралық іздеуде болған облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің бұрынғы директоры Тамир Дәуітов рақымшылыққа ілініп, қылмыстық жазадан құтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының соты Т.Дәуітовке қатысты қылмыстық істі қарады. Ол ҚР ҚК-нің 192-бабы, 307-бабы, 2-бөлімі (1997 жылғы редакциямен) бойынша айыпты деп танылды. Қылмыстардың жиынтығы бойынша, оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп хабарлады аудандық сот кеңсесінен. Дәуітовке қатысты ҚР 2006 жылғы 9 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 8-бабы қолданылды және тағайындалған жазадан босатылды».

Сот «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасының күшін жойды.Үкім заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық сатыда сот шешіміне наразылық білдіруге немесе шағым түсіруге болады.

Ауыл шаруашылығы департаментінің бұрынғы директоры Тамир Дәуітов сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстар жасағаны үшін 2009 жылдан бері іздеуде болды. 2016 жылдың басында қаржы полициясы органдарына келіп, өз еркімен берілген болатын.