Қарағандыда кәсіпкерге сыртқы жарнаманы рәсімдеуге көмектесетін Сall-орталық құрылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында сыртқы жарнамаларды мемлекеттік тілде рәсімдеуге көмектесетін бірыңғай Сall-орталық құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қарағанды облысында кәсіпкерлерге сыртқы жарнамалар мен визуалды ақпарат мәтінін рәсімдеуге көмектесетін бірыңғай Сall-орталық құрылды. Орталықтан WhatsApp және Telegram мессенджері арқылы кеңес алуға болады.

Кәсіпкерлер баннердегі жарнама мәтіні, фирманың немесе дүкеннің атауы қазақ тілінде сауатты жазылғанына күмәнданса, онда тексеру үшін орталық мамандарының көмегіне жүгінуге болады.
«Бұл қызмет тек сыртқы жарнамаға қатысты екенін атап өткім келеді. Біз аудармамен айналыспаймыз, бірақ жарнама мәтіні, фирма немесе дүкен атауы қазақ тілінде қаншалықты сауатты жазылғанын тексереміз. Бұл қызмет түрі тегін», - дейді облыстық Тілдерді дамыту бойынша басқарманың бөлім басшысы Әсел Қашқынбекова.

Telegram-да бірыңғай арна мен топ ашылған. Электрондық поштаға (jarnama09@mail.ru) хат жазуға болады.
Сонымен қатар басқарманың Фейсбук және Инстаграм парақшаларында облыстың аудан, қалаларындағы жауапты мамандар туралы, жұмыс телефоны және орталықтың WhatsApp нөмірі көрсетілген ақпарат жарияланды.