Оқиға сенбіден жексенбіге қараған түні болды. 28 жастағы қарағандылық әйел Нүркен Әбдіров даңғылынан Мұстафин көшесіне бұрыла берер жолда орналасқан дәмхананың бұрышына үлкен жылдамдықпен келіп соғылған.
Алайда, ол жолына кедергі болған тамақтану нүктесін елемей, әрі қарай үйіне бет алған. Осылайша оқиға орнынан қашып кетпек болған.
Көліктің дәл координаттары мен болған оқиға туралы ақпарат полицияның барлық патруль экипаждарына жіберілген.
Мас жүргізушіні тәртіп сақшылары келесі көшеден ұстап алған. Әйелден алкогольдің иісі шыққанына қарамастан, ол медициналық тексеруден өтуден бас тартқан. Бұл факт ресми тіркеліп, полицейлер барлық қажетті материалдарды жинап, істі Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберді.
«Кезекші судьяның қаулысымен ҚР ҚК 610-бабының 1 - бөлігі, 611-бабының 2-бөлігі, 613-бабының 4-бөлігімен 28 жастағы қала тұрғыны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 8 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ол дәмхана иесіне келтірілген залалды төлеуі тиіс.