Наурыз айынан маусым айына дейін қор қаржы операторы ретінде медқызметкерлердің жалақысына қосымша 2,57 млрд теңгеден астам қаржы төлеген.
Облыста ай сайын қауіпті вируспен жұмыс істейтін дәрігерлер саны өсіп жатыр. Егер наурыз айында үстемеақыны 1 356 қызметкер алса, мамыр айында олардың саны 3 522 адамға дейін өсті.
Үстемеақы мөлшері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен белгіленген. Тәуекел тобына байланысты медицина қызметкерлеріне қосымша ақы - 212 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін.
«Үстемеақы алушылар тізімін жедел штаб жанынан құрылған өңірлік комиссиялар бекітеді. Комиссия төрағалары - әкімдердің орынбасарлары. Оның құрамына сондай-ақ медициналық сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері, өңірлік бас мемлекеттік санитар дәрігер, денсаулық сақтау басқармаларының, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақ өкілдері кіреді», - деп түсіндірді Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының баспасөз қызметі .
Медициналық сақтандыру қоры тізім бойынша деректердің дұрыстығын, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкестігін тексереді.
Егер медициналық қызметкерлерде үстемеақыға қатысты сұрақтар туындаса, олар өңірлік комиссияларға жүгіне алады.
Коронавируспен ауырған дәрігерлерге арналған төлем ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен өңірлік комиссия шешімі негізінде төленеді.