Қарағандыда ҚР бірінші вице-премьері ТКШ-ны қайта жаңғырту жөнінде аймақтық кеңес өткізді
Бірінші вице-премьер энергия тасымалдау жобалары енгізіліп жатқан Қарағандыдағы бірнеше нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ ол Қазақстанның Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту орталығымен бірлесе жүзеге асырылып жатқан көп пәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу туралы ілкі жобаның жүзеге асырылу барысымен де таныс болды.
Содан кейін Ө.Шөкеевтің қатысуымен облыс әкімдігінле аймақтық кеңес болып, кеңес барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта жаңғырту және тарифтік саясат мәселелері талқыға салды.
«Бұл мәселе бүгінгі таңда қатты сынға ұшырап отыр, сондықтан оны тез арада шешуге кірісу керек. Біз ТКШ саласын қайта жаңғыртудан өткізу бағдарламасын жүзеге асыру тетіктерін анықтап, оларды халыққа кең ауқымда таратуға тиіспіз, - деді Ө.Шөкеев.
Бірінші вице-премьер атап өткендей, аймақтық кеңес өткізу орны жайдан жай таңалған жоқ. «Бұл жерде жақсы тәжірибе бар, ТКШ саласындағы бірқатар жобалар жүзеге асырылуда», - деді ол.
Кеңес барысында Құрылыс істері және ТКШ жөніндегі агенттіктің төрағасы Серік Нокин 2020 жылға дейінгі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты қайта жаңғырту және дамыту бағдарламасын таныстырды.
«Бүгінгі таңда көтеріліп отырған мәселелер өте өзекті. Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында ТКШ саласын реформалау, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берген болатын», - деп атап өтті облыс әкімі Серік Ахметов.
Кеңес жұмысына Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов, экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишімбаев, Астана қаласы, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің орынбасарлары мен коммуналдық кәсіпорын басшылары қатысты.