«21 сәуірінде Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылынан 4 шақырым жердегі «Балапан» «Авиациялық оқу-жаттығу орталығы» ЖШС-ның қону алаңында 2013 жылы шыққан FK-14 В2«Polaris» ұшағы құлады.
Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Ол сотқа дейінгі тергеу бірыңғай реестріне тіркелген», - делінген хабарламада.
Оқу орталығына тиесілі жеңіл моторлы екі орындық ұшағы оқу-жаттығу кезінде құлағаны анықталды.
Ұшақ апатқа ұшыраған кезде борттағы 2 адам оқиға орнында қаза тапты. Атап айтқанда, ұшқыш-нұсқаушы - Юрий Анатольевич Артемов (1967 жылы 31 наурызда туған) және осы оқу орталығының 2018 жылдың мамыр айынан бастап тыңдаушысы болған (ұшқыш) Мереке Өмірбекұлы Әукешев (1990 жылы 8 наурызда туған).
«Экипаж құрамы Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 16:11-де кезекті жаттығуды орындау мақсатында әуеге көтерілген. Сағат 16:20-да ұшақ шұғыл төмен құлдилаған. Диспетчер әуе кемесімен байланысты жоғалтты. Авариялық-құтқару қызметі әуе кемесі құлайтын жерге жедел жіберілді», - делінген хабарламада.
Бүгінгі күнге дейін курсант М.Әукешев 30 сағатқа жуық ұшқан. Оған инструктор Ю.Артемов бекітілген. М.Әукешев оқу-жаттығу сабақтарын FK-14 В2 «Polaris» ұшақтарымен орындаған.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, FK-14 В2 «Polaris» ұшағы 2013 жылы Польша Республикасының зауытынан алынған. Жалпы, ұшақ 1 100 сағат ұшқан. Ұшақ ұшар алдында толық тексеруден өткен және ешқандай ақау болмаған.
Қазіргі уақытта барлық қажетті жедел-тергеу әрекеттері жүргізілуде.