Қарағандыда құны ₸51 млрд болатын 18 кәсіпорын Жекешелендірудің кешенді жоспарынан шығарылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Прокурорлар 3 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектінің құқығын қорғап, оларға 97 млн теңгеден астам қаржыны қайтарды.

119 қадағалау актісін енгізіп, 33 лауазымды тұлға жауапқа тартылған.

Екі кәсіпкерге елден шығуына қойылған негізсіз шектеулер және алты кәсіпкердің мүлкіне заңсыз салынған тыйым алынып тасталды.

10 кәсіпкердің құқығы қорғалып, заңсыз қозғалған қылмыстық істер тоқтатылды.

Нәтижесінде кәсіпкерлерден түсетін шағымдар 40 пайызға (205-тен 126-ға дейін) төмендеді.

Активтерді қайтару бойынша жалпы құны 51 млрд теңгені құрайтын 18 кәсіпорын Жекешелендірудің кешенді жоспарынан шығарылды.

Заңсыз берілген 37 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.

Салық есебінде 2,9 млрд теңгеге капитал шығарғанын көрсетпеген 20 кәсіпорын анықталды.

Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда қадағалаудың барлық бағыттары бойынша оң көрсеткіштер байқалады.

Қылмыс 20 пайызға азайды.

Бір де бір ақтау үкімі шығарылған жоқ.

Азаматтардың конституциялық құқығын бұзу 5 есе азайды.

Қадағалау актілері бойынша 911 млн теңге өндірілді, оның ішінде 640 млн - мемлекет кірісіне, жалпы сомасы 1,3 млрд теңге құрайтын мүлік қайтарылды.

130 млн теңге әкімшілік айыппұл өндіріп алынды.

5 млрд теңгеге заңсыз мемлекеттік сатып алу тоқтатылды.

Ден қою шараларымен 90 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалды.