Қарағандыда күшті жел бес қабатты үйдің шатырын жұлып кетті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 9 ақпан күні Қарағандыдағы қатты желден бес қабатты үйдің шатыры ұшып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұнда пәтер иелерінің кооперативі жоқ. Күзде тұрғындар өз қаржыларына шатырды жөндеген. Айтарлықтай көлемді қаржы жұмсаған.

«Шатырды арнайы фирма жөнге келтірді. Ал енді қатты желден шатырсыз қалдық», - дейді Киевская көшесі №129 үйдің тұрғыны Федор Никитин.

Бес қабатты үй шатырының аумағы 1200 шаршы метр, оның 300 шаршы метріне нұқсан келген.

Бұл жағдайға қатысты Октябрь ауданы әкімдігінің «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» ММ пікір білдірді.

«Біз оқиғаға барып, мән-жайды анықтадық. Шатыр алғашында-ақ желге төзімді болмаған, шифердың орнына жай тақтаймен жабылған. - деді бөлім. - Жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Мердігер ұйымды табу үшін тендер өткізіледі. Ақша бюджеттен бөлінеді. Табиғаттан келген зақым болғандықтан, тұрғындар ақша төлемейді».