Қарағандыда мэрцишор көктемді қарсы алу мерекесі өтті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда румындық «Дакия» мәдени қоғамы «Мэрцишор-2015» III халықаралық фестивалін өткізді.

«Мэрцишор - көктем кездесуінің дәстүрлі мерекесі. Бұл фестивальді шетел қонақтарының қатысуымен үшінші рет өткізіп отырмыз. Биылғы жылы көктемді қарсы алу мерекесі бейбітшілік пен достық жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналды. Румындық қоғамға мерейтойлы 10 жыл толып отыр», - деді этномәдени бірлестіктің төрағасы Николай Плушикс.

Фестивальға «Джон Леннон» халықаралық конкурсының жеңімпазы, «Евровидение-2011» конкурсы ұлттық іріктеу турының арнайы қонағы молдавалық «Трансбалканика» этно-поп-тобы қатысты.

«Қазақстанға алғаш келуіміз. Ерекше әсерге бөлендік. Ұлттар мерекесін атап өтулеріңіз тамаша дәстүр», - деп атап өтті Корнелия Штефанец.

«Өте ерекше әсердеміз. Музыкамызды жылы қабылдағанына қуаныштымыз. Тағы келу үшін байланысты реттейтін боламыз», - деп қосты топ басшысы Марчел Штефанец.

Фестивальда румындық «Дакия» мәдени қоғамының хореография тобы өнер көрсетті. Ұжым құрамы көп ұлтты - мұнда румын, молдван, қазақ, орыс, кәрістер бар. «Біздің есігіміз әрдайым ашық. Қазақстандағы барша халықтардың достығы, толеранттылығы барша елге үлгі боларлықтай», - деп атап өтті Н. Плушкис.

Мереке қонақтарына ақ және қызыл түсті жіптен жасалған гүл шоғы - мэрцишор сыйға тартылды. Ақ түс тазалықты, қызыл түс - махаббат, күш, жеңісті білдіреді. Сонымен қатар, халық сенімі бойынша, мэрцишор - жемістің, құнарлылықтың нышаны. Оны наурыз бойы жағаға тағып жүреді. Сәуірде шешіп, гүлдеген жеміс ағаштарына байлайды да, тілек тілейді.