Қарағандыда өгей балаларын ұрып-соғып, зорлаған ер адам сотталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Өгей қызына зорлық көрсеткен қарағандылық 9 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты өзінің 19 жастағы өгей қызын зорлаған тұрғынды 9 жылға бас бостандығынан айырды.

«Ағымдағы жылдың сәуір айының басында жәбірленуші бұл туралы полицияға хабар берген. Оның айтуынша, өгей әкесі бір діни ағымды ұстанып, сақал жіберіп, шолақ шалбар киген. Анасы жұмыста болған кезде өгей әкесі балаларына былапыт сөздер айтып, оларға діни салт-дәстүрлерді орындаудан бас тартуына байланысты күш қолданған», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, ер адам балаларға құқық қорғау органдарына жүгінген жағдайда оларды соққыға жығып, тіпті өлтіремін деп қорқытқан. Ұзақ уақыт бойы балалар тіпті анасынан қорқып, зорлық-зомбылықты жасырып келген.

Зорлық іс-әрекеттер дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары тіркелген. Тергеу ҚР ҚК 120- бап 2-тармағы, 121-б.2-б. және 126-б бойынша жүргізілді.