Қарағандыда оқушыларға «Тар заман» фильміне билеттер тегін таратылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалпы Қазақстан халқы «Тар заман» фильмін міндетті түрде көруі тиіс. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-ға берген сұхбатында «Argumentum.kz» білім беру орталығының директоры Рахат Ахмет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Facebook-тегі парақшасында «Argumentum.kz» білім беру орталығының директоры Рахат Ахмет  бірнеше күннен бері «Тар заман» фильмін насихаттап келеді. Сонымен қатар қарағандылық бірнеше жігіттің ұйымдастыруымен аталған туындының көрсетілімі тағы екі күнге ұзартылған болатын.

«Қазіргі кезде «Тар заман» Қарағандыда көрсетіліп жатыр. Негізі, бұған дейін фильмді прокатқа бір аптаға берген. Жеті күннің ішінде олар фильмді  3 рет қосыпты. Соның бірінші күні тек 2 адам ғана, келесі күні тек жалғыз өзім ғана болдым көрсетілімде. Үшінші күні де аз болған. Қарағандыда «Тар заманның» көрсетілімі «Сарыарқа» кинотеатрында сағат 14:00-ге қойылған екен. Әлеуметтік желіге кинотеатр залында жалғыз отырғанымды байқататын видеоны да салдым. Фильмді толықтай жалғыз өзім көріп шықтым, бірақ одан шыққаннан кейін, мұндай туындыны қала тұрғындары міндетті түрде тамашалауы тиіс деген тұжырымға келдім. Сол күні бірнеше жігіт жиналып, кинотеатрды 2 күнге жалға алдық. Жалпы, 280 билетті сатып алдық. Осы екі күнге арналған билеттерді мұғалімдер мен оқушыларға тараттық», - деп атап өтті Р. Ахмет.

Оның пайымынша, отандық туындыға қалада жарнамалау шаралары тиісті деңгейде болмаған сыңайлы.

«Тар заман» туралы Facebook-ке салдым және адамдар осындай фильмнің болғанын менен естіп жатқанын байқадым. Атап айтқанда, тиісті деңгейде жарнама болмаған секілді, яғни халық естімеген. Шынымды айтсақ, осы жағдай намысымызға тиді. Дәл қазір кинотеатрдамын. Балалар фильмді тамашалап жатыр. Бұл туынды өзіме де, балаларға да, мұғалімдерге де өте ұнады»,- деді білім беру орталығының директоры.

Сонымен қатар Рахат Ахмет алдағы уақытта отандық туындыларды жарнамалау шараларымен айналысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.

«Балаларға білім беру орталығында қызмет еткеннен кейін, ең алдымен, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берген өте маңызды деп есептеймін. Осы орайда біз ұлттық құндылықтарымызға назар аударып жатырмыз. Мәселен, жоғары сынып оқушылары арасында Мұхтар Әуезовті білмейтіндер де бар. Әрине, бұл жағдай намысқа тимей қоймайды. Сондықтан біздің жұмысымызда «Тар заман» фильмі де өзіндік үлесін қосып жатыр деп ойлаймын. Болашақта отандық фильмдерді және өзге өнімдері  насихаттауды қолға алмақпыз. Әзірге осы жұмыстың тұғырнамасын бекітіп алғанды пысықтаудамыз», - деп түйді ойын Р. Ахмет.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Алаш қайраткерлерінің тағдырын арқау еткен «Тар заман» телехикаясы 26 наурыздан бастап «Qazaqstan» ұлттық арнасында көрсетілетін болды. Ол 14 эпизодтан тұрады. Бүгінгі күні аталмыш телехикаяның ықшамдалған нұсқасы фильм ретінде кинотеатрлардан көрсетіліп жатыр.

ҚазАқпараттың иллюстрациясы